
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде наиб имам, облыстық «Құран» секторының жауапты маманы Бекжан қари Әлденов күнделікті таң және құптан намаздарында Құран Кәрімді жатқа оқып, бесінші хатымды аяқтады. Хатым дұғасын наиб имам Нұрбол Смағұлов жасап, ел амандығын тіледі.
Бекжан қари хатым жасауды Мысыр мен Түркияда білім алған кезінде мақсат еткенін айтты. Оның сөзінше, күн сайын намаздарда Құранды жатқа оқу қарилардың тәжірибесін шыңдап, жамағаттың Құранға деген ықыласын арттырады.
Мешітте қазір алтыншы хатым басталды. Игі іске қолдау білдірген кәсіпкерлер Әлібек Қалиұлы мен Сәбит Қуанышұлы Бекжан Әлденовке уақып ретінде автокөлік табыстады. Оларға Бас имам Амантай Садиев атынан алғыс хат берілді.