Skip to content

ҚМДБ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті аппарат жиналысы өтті. Жиын барысында ҚМДБ құрылымдық бөлімдерінің атқарған жұмыстары жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды. Әсіресе, басқарманың цифрлық трансформация үдерісін ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Аталған жиында ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікқанұлы басқарма тарапынан жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалардың қазіргі жай-күйі мен даму жолы туралы кеңінен баяндама жасады. Атап айтқанда, ҚМДБ ішкі құжат айналымын автоматтандыруға бағытталған e-Quzhat.kz электронды құжат айналымы жүйесінің тиімділігі, сондай-ақ құрбан шалу рәсімін заманауи әрі ыңғайлы форматта ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Qurban.muftyat.kz онлайн платформасының қызметі таныстырылды.

Сонымен қатар, қажылық сапарын ұйымдастыру және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Hajj.kz бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатқаны, сондай-ақ қажылық турпакеттерін цифрлық форматта басқару жүйесін енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.
Жиын барысында ҚМДБ-ның ресми Muftyat.kz интернет-ресурсын жаңғырту жұмыстары қолға алынғаны, сайттың функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту, пайдаланушыға ыңғайлылығын арттыру және ақпараттық қамтуды күшейту бағытында нақты шаралар атқарылып жатқаны баяндалды.

Бұдан бөлек, жамағатқа арналған Namaz App мобильді қосымшасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ, жиында ҚМДБ-ның алдағы цифрлық саясатын айқындайтын стратегиялық құжат – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026–2028 жылдарға арналған цифрлық даму тұжырымдамасы» әзірленіп жатқаны баяндалды. Бұл құжат басқарманың цифрлық экожүйесін кешенді түрде дамытуға, қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде цифрлық бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталып, заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы діни-ағартушылық қызметтің ауқымын кеңейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, цифрлық жобаларды одан әрі жетілдіру, халыққа сапалы, қолжетімді әрі ашық қызмет көрсету мәселесіне баса мән беруді тапсырды.