Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Ресейдің Астрахань қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Жиын Ресей мұсылмандары діни басқармасы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырған болатын. Конференцияға Ресейдің Бас мүфтиі, Шейх-уль-Ислам Талғат Сафа Тәжуддин, Астрахань облысының губернаторы Игорь Юрьевич Бабушкин, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Ресей мүфтияттарына қарасты аймақтық мұсылмандар діни басқармасының өкілдері, имамдар, дін қызметкерлері мен қоғамдық ұйым басшылары қатысты.
Болатбек Ұласқанұлы баяндамасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемі мен алғысын жеткізіп, ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттары, рухани-имани құндылықтарды сақтау, діни тұрақтылықты нығайту және Отанға құрмет көрсету жайында маңызды ақпарат берді.
Жиын соңында бас имам Ресейдің Бас мүфтиі Талғат Сафа Тәжуддинге Қазақстан мұсылмандарының атынан Құран кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар бірнеше ұйым жетекшілерімен жеке кездесіп, өзара пікір алмасып, ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
