Skip to content

Исламдағы әйел мәртебесі

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 ға жуық ұлт өкілі мен 18 конфессия күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Тәуелсіз елімізде барша қазақстандық­тарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалауда тарих, мәдениет, дәстүрлі діннің атқарған рөлі орасан зор болғаны белгілі. Ислам – адамзатқа әділдік, мейірім және теңдік қағидаларын насихаттайтын дәстүрлі дін. Ал, Ислам дінінде әйел адамның қоғамдағы мәртебесі ерекше қаралған. Құран аяттары мен хадистерде әйел мен еркектің Алла алдында тең екендігі, олардың иман мен ізгі амал арқылы дәрежесі артатыны баяндалған. Сонымен, адамның артықшылығы жынысына емес, тақуалығы мен адамгершілігіне байланысты екен. Ислам әйелдің ең алдымен рухани тұлға екенін мойындайды. Әйел адам ер адам сияқты құлшылық етуге, білім алуға, қоғамға пайда келтіруге міндетті әрі құқылы. Хадисте: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деп, әйелдердің білім үйренуіне жол ашқан. Сондай-ақ, Отан отбасынан басталатыны белгілі. Сол отбасында әйелдің орны мен мәртебесі ерекше. Ол – ана, жар, тәрбиеші. Исламда анаға құрмет көрсетуге ерекше мән беріледі. «Жәннат – аналардың табанының астында» деген хадис ананың мәртебесінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Сонымен, тағы бір хадисінде: «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алланың берген нығметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» – деген. Ер адам әйелін құрметтеуге, оны материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті екен. Неке – әйелдің құқықтарын қорғайтын қасиетті келісім. Ислам әйелдің жеке мүлкіне иелік етуіне, кәсіппен айналысуына, қоғам өміріне араласуына рұқсат береді. Ислам келгенге дейін кейбір қоғамдарда әйелдердің құқықтары шектелген болса, Ислам олардың ар-намысын қорғап, заңды құқықтарын бекітті. Ислам әйелдің қоғам өміріне араласуына тыйым салмайды. Сауда, білім, медицина, қоғамдық қызмет салаларында еңбек етуіне рұқсат береді. Тек ар-намыс пен әдеп қағидаларын сақтау талап етіледі. Қорыта айтқанда, Ислам діні әйелге жоғары мәртебе береді. Ол – ана, жар, қыз ретінде құрметке лайық. Ислам әйелді қоғамнан оқшаулауды және зұлымдық етуді емес, оны ардақтауды, қорғауды мақсат етеді. Әйелдің қадір-қасиетін сақтау – әрбір мұсылманның міндеті.

Айтаев Икрам,

РАТТ мүшесі