
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітте «Мұсылманның мұраты – көркем мінез» тақырыбында жұма уағызын айтты.
«Көркем мінез – адамның рухани кемелдігін, дініне бекемдігін, ішкі жан дүниесінің сұлулығын паш ететін ұлы қасиет. «Мінез» сөзі шариғи мәтіндерде «әл-ахлақу» деп аталған. Бұл сөз – «әл-хулуқу» сөзінің көпше түрі. Осы сөзбен түбірлес «әл-халқу») деген сөз бар. Бұл сөз әдетте адамның сыртқы бейнесіне, денесінің жаратылысына қатысты қолданылады. Ал «әл-хулуқу» сөзі арқылы адамның ішкі жан дүниесі сипатталады. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Қалам» сүресінің 4-аятында: «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің», – Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін мақтаған»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.