
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қатар мемлекетіне ресми сапармен барып, Қатар Даму қорының басқарма төрағасы Шейх Тәни бин Хамад бин Халифа Әл-Тәни және Бас директор Фахд бин Хамад Әл-Сулейтимен кездесті.
Сапар барысында Бас мүфти Қазақстанға көрсеткен қолдауы мен діни жобаларды дамытуға қосқан үлесі үшін Қатар тарапына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ұзақ мерзімді қайырымдылық істері мен халыққа көрсеткен ерекше қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Катар мемлекеті қолдауымен салынған «Әл-Фараби мешіті» – Астананың маңызды діни орындарының бірі және екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың символы екенін атап өтті.
Кездесу соңында Қатар Даму қорының басқарма төрағасы Шейх Тәни бин Хамад бин Халифа Әл-Тәни Бас мүфти бастаған делегацияға сәттілік тілеп, Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.