
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан ақтөбелік түлектермен кездесті. Жиынға «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Ерік Сұлтанов және арнайы сала маманы қатысты.
Кездесу барысында Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы бастамаларына сай жас мамандарды діни қызметке тарту, мешіттерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін түсіндірді.
Түлектерге елге қызмет ету, білімді дұрыс бағытта пайдалану, жауапкершілік пен табандылық туралы насихат айтылды. Сонымен қатар 500 000 теңгелік сертификат табысталып, арнайы дастархан ұйымдастырылды.
Жиында өңір мешіттерінде тәжірибеден өту және келісімшарт негізінде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де талқыланды. Бүгінде облыстағы дін қызметкерлерінің 48%-ы жоғары білімді, бұл көрсеткішті 60–70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.