Skip to content

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГІЗІНДЕГІ IMAM AI ЖОБАСЫ МАМЫР АЙЫНДА ПИЛОТТЫҚ НЕГІЗДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен арнайы аппарат жиналысында цифрлық даму бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиын барысында ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерішісі Тимур Серікқанұлы Имам AI жобасын таныстырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін діни-ағартушылық бағытта тиімді пайдалану жолдарына тоқталды. Аталған жоба заманауи технологияларды қолдану арқылы жамағатқа жедел әрі сапалы ақпарат ұсынуды, сұрақтарға жедел жауап беру жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, бүгінгі жиында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану аясында Imam AI құралын іске қосу мәселелері нақты айқындалып, жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері белгіленді.

Сонымен қатар, Imam AI жүйесін пилоттық негізде іске қосу осы жылдың мамыр айының басына жоспарланып отырғаны атап өтілді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу бағытындағы бастамалардың маңыздылығына тоқталып, діни қызмет сапасын арттыруда жаңа технологиялардың рөлі жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ жауапты бөлімдерге жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.