Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер ақпарат таратудың ең жылдам алаңына айналды. Алайда оның пайдалы тұстарымен қатар қауіпті қырлары да бар. Соның бірі – жалған діни ақпараттың кең таралуы. Әсіресе жастар арасында дінді бұрмалап түсіндіретін, қоғамда алауыздық туғызатын және радикалды көзқарасты насихаттайтын контент көбейіп келеді. Мұндай ақпараттар тек адамның дүниетанымына ғана емес, елдің тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігіне де кері әсер етеді. Сондықтан онлайн кеңістікте жалған діни ақпарат тарату мәселесі бүгінде маңызды құқықтық әрі әлеуметтік тақырыптардың біріне айналды.
Интернет арқылы таралатын жалған діни ақпараттардың негізгі мақсаты – адамдарды адастыру, дәстүрлі діни құндылықтарға күмән келтіру және қоғамда сенімсіздік қалыптастыру. Кейбір белгісіз парақшалар мен блогтар өздерін “дін маманы” ретінде таныстырып, шариғатқа қатысы жоқ пікірлерді таратады. Олар ресми діни мекемелердің ұстанымдарын жоққа шығарып, адамдарды заңға қайшы әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Мұндай контентті әсіресе діни сауаты төмен азаматтар тез қабылдап қалады.
Қазақстанда діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісім – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты заңнамада діни алауыздықты қоздыруға, экстремистік идеяларды таратуға және қоғамға қауіп төндіретін ақпараттарды жариялауға тыйым салынған. Егер интернетте жалған діни мәлімет таратып, ол қоғамға зиян келтірсе немесе азаматтарды адастырса, мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.
Әкімшілік жауапкершілік дегеніміз – заң бұзған адамға ескерту жасау, айыппұл салу немесе басқа да шектеу шараларын қолдану. Әсіресе діни өшпенділікті қоздыру, тыйым салынған ұйымдардың идеясын насихаттау немесе жалған уағыз тарату әрекеттері заң алдында жауапқа әкеледі.
Бүгінде жалған ақпарат көбіне TikTok, Telegram, YouTube және Instagram секілді платформалар арқылы таралады. Кейбір адамдар қаралым жинау немесе аудитория тарту мақсатында дінге қатысты тексерілмеген мәліметтерді жариялайды. Алайда діни тақырып – өте сезімтал мәселе. Сондықтан әрбір азамат ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, ресми дереккөздерге ғана сенуі қажет.
Дін мәселесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сияқты ресми ұйымдардың пікіріне сүйену маңызды. Сонымен қатар интернеттен алынған кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, оның қайдан шыққанын, авторының кім екенін және мақсаты қандай екенін саралау керек. Ақпараттық сауаттылық пен діни білім – жалған насихаттан қорғанудың ең тиімді жолы.
Жалған діни ақпарат тарату – қоғамға қауіп төндіретін әрекет. Ол адамдарды адастырып қана қоймай, ел ішіндегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан интернет қолданушылары заң талаптарын сақтап, діни тақырыпта жауапкершілікпен әрекет етуі тиіс. Ал қоғам үшін ең маңыздысы – дұрыс ақпаратқа сүйену, зайырлы құндылықтарды құрметтеу және бірлікті сақтау.
Алиакбарұлы Ұлықбек,
Интернет кеңістігінде діни
экстремизмнің алдын алуды
үйлестіру және мониторинг
бөлімінің теолог маманы